ҚАЗАҚ-ОРЫС ШЕКАРАСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ МҰРАҒАТТЫҚ МҰРА
##plugins.pubIds.doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.48371/ISMO.2025.62.4.006Кілт сөздер:
мемлекеттік шекара, мұрағаттық деректер, демаркация, делимитация, Қазақстан, Ресей, тарихи-мұрағаттық зерттеуАннотация
Мақала Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараның қалыптасу тарихын көрсететін мұрағаттық мұраны кешенді талдауға арналған. Зерттеудің мақсаты – Ресейдің жетекші федералдық және ведомстволық архивтерінде сақталған құжаттар кешенін анықтау, жүйелеу және ғылыми тұрғыдан түсіндіру. Қазақ-орыс шекарасының қалыптасу үдерісі көпдеңгейлі әрі ұзаққа созылған құбылыс болып табылады және ол саяси, әкімшілік-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және стратегиялық факторлардың ықпалымен әр тарихи кезеңде бірнеше рет өзгеріске түсті. Тақырыптың жекелеген аспектілерін қарастырған зерттеулер болғанымен, XVI-XX ғасырлар аралығындағы шекара қалыптасуын толық реконструкциялауға мүмкіндік беретін құжаттық материалдардың тұтас ғылыми сипаттамасы әлі қалыптаспаған.
Зерттеудің өзектілігі мен ғылыми мәселесі мұрағаттық материалдар жөніндегі мәліметтердің үзік-үзік және шашыраңқы болуымен байланысты, бұл зерттеушілердің жұмысын қиындатып, аумақтық межелеу тарихының толық көрінісін жасауға кедергі келтіреді. Мақаланың ғылыми жаңалығы – алғашқы рет мемлекетаралық делимитация, шекаралық аумақтардың әкімшілік құрылымы мәселелеріне қатысты мұрағаттық қорлардың кеңейтілген шолуы мен көпаспектілі жүйелендіру ұсынылуында. Бұрын ғылыми айналымға енбеген істер мен тізімдердің енгізілуі тақырыпты деректанулық тұрғыдан зерделеудегі елеулі олқылықтың орнын толтырады.
Зерттеудің эмпирикалық негізін Ресей мемлекеттік тарихи мұрағатында (РГИА), Ресей мемлекеттік ежелгі актілер мұрағатында (РГАДА), Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағатында (ГА РФ), сондай-ақ ведомстволық мұрағатында - Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Ресей Империясының сыртқы саясаты мұрағатында (АВПРИ МИД РФ), жекелеген мекемелердің мұрағатында - Ресей Ғылым академиясы Санкт-Петербург тарих институтының мұрағаты (Архив СПб ИИ РАН) материалдары құрайды. Деректанулық, мұрағаттанулық, тарихнамалық және салыстырмалы-тарихи әдістерді қолдану хронологиялық және жеке тұлғалық топтарға бөлінген деректер кешенін айқындауға мүмкіндік берді. Зерттеу нәтижелері шекараның қалыптасу кезеңдерін сипаттайтын құжаттық мұраның құрылымданған «картасын» жасап, мемлекетаралық қатынастар мен шекара маңы ынтымақтастығы тарихы бойынша алдағы ғылыми ізденістерге негіз қалайды.




